Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы талқыланып, қаржы секторын цифрландыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Премьер-Министр күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталмас бұрын жиылғандарды Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтады:
– Астана күні – бір қаланың ғана мейрамы емес, бүкіл ел болып атап өтетін жалпыхалықтық мереке. Себебі Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет ретінде орнығуы, сынақтардан сүрінбей өтіп, дамудың даңғыл жолына түсуі – бәрі еліміздің бас ордасымен тығыз байланысты. Ел бола аламыз ба, әлде заманның алапат желіне ұшып жоғаламыз ба деген тағдырлы сәтте халықты биік мақсатқа жұмылдырып, болашаққа бастаған Астана – жаңғырған жаңа Қазақстанның жарқын символы. Ол – қастерлі Тәуелсіздігіміздің ұлы тұғыры, Алаш жұртының айбары, Елбасымыздың төл перзенті. Басында өзге түгілі өзіміз күмәнмен қараған ғасыр жобасы Елбасының саяси көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында табысты жүзеге асып, небәрі 20 жылда Арқа төрінде ғажайып қала бой көтерді. Халқымыздың мың жылдық талайлы тағдыры мен асқақ армандарынан нәр алып, сайын далада сәмбі талдай бүр жарған бас ордамыз аз уақытта ел тірегі – алып бәйтерекке айналды. Астана – терең тарихтан тамыр тартқан даңқты өткенімізді бүкіл әлем таңдай қаққан бүгінгі биіктерімізбен және жаһандық нарықта бәсекелік қабілеті жоғары, Мәңгілік Ел болар кемел келешегімізбен жалғайтын елдігіміздің алтын арқауы, − деді Б.Сағынтаев.
Үкімет басшысы Астана еліміздің саяси, экономикалық қана емес, сонымен қатар мәдени, рухани жүрегі, елдің барлық өңірінің басты қозғаушы күші болып, аймақтардың дамуына қуатты серпін беретінін атап өтті.
– Әлемдік деңгейдегі бастамалар мен іс-шаралар Астананы жаһандық оқиғалардың ордасы ретінде паш етті. Осының бәрі – кең-байтақ Ұлы Даланың төрінде Ұлы мемлекет құрған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дара басшылығы мен шексіз еңбегінің жемісі, − деді Үкімет басшысы құттықтау сөзінде.
Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бағдарламаАлдымен 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының түзетілген жобасы бекітілді. Б.Сағынтаев аталған бағдарламаны іске асыру барысы Үкіметте бірнеше мәрте жан-жақты талқыланғанына тоқталып, түзетілген жобада Елбасы қойған міндеттер көрініс тапқанын тілге тиек етті. Мемлекеттік бағдарламаның түзетілген нұсқасына дауыс беру аяқталғаннан кейін Үкімет басшысы барлық мүдделі мемлекеттік органға жаңартылған бағдарламаны орындауды тапсырды.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2018 жылы барлық қаржыландыру көзінен 829,5 млрд теңге көзделгенін айтты. Бүгінгі күнге дейін аталған қаражаттың 167,1 млрд теңгесі, яғни шамамен 21 пайызы игерілген.
– Өңірлерге аударылған 34,5 млрд теңгенің 91,5%-ы игерілген, ал бүгінгі күні игерілмеген қаражат 2,7 млрд теңгені құрап отыр. Мемлекет басшысының 2017 жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 13-тармағына сәйкес, министрлік тиісті қаулы жобасын әзірледі. Жобамен транзит көлігінен түскен кірістерді 4 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту және транзиттік контейнерлік тасымалдау көлемін 1,2 млн ЖФБ-ға (жиырма фунттық баламаға) дейін арттыру туралы тиісті өзгерістер мен толықтырулар көзделді. Мұнымен қоса транзиттік әуе жолаушыларының саны 1,6 млн адамға, ал аймақтық әуе желілерімен жолаушылар санын 170 мыңға дейін арттыру қарастырылды. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін тауарларды транзиттеуге, көлік дәліздерін құру мен жаңғыртуға, көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін көтеру мен әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған шаралар жоспарланған. Жоба Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдіктерімен және мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді, – деді Т. Сүлейменов.
Электронды жүйе шығындарды азайтадыҚаржы министрі Бақыт Сұлтанов келтірген мәлімет бойынша, аталған министрлік 2017 жылы 18 млн қызметтің шамамен 16 миллионын немесе 88 пайызын электронды түрде көрсеткен.
– Үстіміздегі жылдың аяғына дейін 6 мемлекеттік қызметті электронды форматқа көшіруді, ұсынылатын құжаттар тізбегін қысқартуды жоспарлап отырмыз. Электронды салық декларацияларын веб-порталға және «электронды үкімет» мобильді бағдарламаларына аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде электронды түрде көрсетілген қызметтердің үлесі 95 пайызға дейін жеткізілмек. Салықтық есептілік тапсыру, акциз маркасы мен фискалдық чекті тексеру сияқты сервистерге IT-компаниялардың өз қосымшалары мен сервистерін әзірлеуі үшін ашық интерфейс (Application programming interface) түрінде қолжетімді болады, – деді Б.Сұлтанов.
Министрдің айтуынша, «Орталықтандырылған бірегейлендірілген дербес шот» жүйесінің енгізілуімен, салық берешегінің бар-жоғы туралы анықтама беру қызметін көрсету уақыты 3 күннен бірнеше минутқа дейін қысқарды. Жыл сайын осындай 5 млн-нан астам анықтама беріледі екен.
Қазір негізгі міндеттердің бірі − бюджеттік жоспарлау процесін оңтайландыру және автоматтандыру. Автоматтандыру бюджеттік өтінімді қалыптастыруда шығыстарды (қағаз, кеңсе тауарлары, іссапар шығыстары, пошта қызметтері) 70 пайызға, ал келісу мерзімдерін 4 есеге (80-нен 20 күнге дейін) қысқартады.
Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев еліміздегі цифрлы банкинг туралы баяндады. Оның айтуынша қаржылық қызмет көрсетудің өзі IT-инфрақұрылымды және цифрлы шешімдерді пайдалану мүмкіндігімен тығыз байланысты. Сектордағы маңызды трендтердің бірі − интернет және мобильді қосымшалар арқылы онлайн қызметтер көрсету. Бүгінгі күні Қазақстанның барлық банктерінде қашықтан банктік қызмет көрсету жүйесі енгізілген. Мобильді банкинг қызметтерін банктердің 60 пайызы көрсетеді. Олар бүкіл клиенттер базасының шамамен 90 пайызына қызмет етеді. Бұл жүйелерде шамамен 10 миллион пайдаланушы тіркелген. Олардың 30 пайызы операцияларды тұрақты түрде жүргізеді.
Жиында Б.Сағынтаев қаржы секторын цифрландыру бойынша барынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын, дегенмен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша жол картасында көзделген барлық шараны уақтылы орындау керектігін, жоспарланған мақсаттар мен индикаторларға қол жеткізу қажеттігін шегелеп тапсырды.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»